«Қазақфильм» киностудиясындағы өрттің шығыны 50 млн теңгені құрады

«Қазақфильмдегі» өрт салғырттық пен жауапсыздық нәтижесі, деп есептейді кинодраматург Нұрлан Санжар

Киностудия президенті Ақан Сатаев өрттің қасақана жасалғаны анық деп есептейді.

Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясындағы өрттің шығыны 48,9 млн теңгені құрады. Бұл туралы киностудияның Instagram-дағы ресми аккаунтында хабарланды.

«Қазақфильм» басшылығы Алматы ІІД қылмыстық іс қозғағанын атап өтті. Оқиға Алматы әкімінің, ішкі істер министрінің және мәдениет және спорт министрінің ерекше бақылауында.

«Сондай-ақ, киностудия әкімшілігі ішкі тергеу жүргізуде. Белгілі болғандай өрт орман алқабының ашық аумағында басталғаны анықталды. Арада 20 минут өткенде «Қазақ хандығы» тарихи фильмі үшін құрылған «Шайбан шахтың ішкі ауласы» декорациясы өртенді. Бұл ағаш құрылым алғашқы ошақтан 300 метр қашықтықта орналасқан. Қоймада жанғыш материалдар сақталмаған, және оған электр энергиясы тартылмаған, бұл өрттің өздігінен жану нұсқасын жоққа шығарады», — делінген хабарламада.

Алдын ала өрт шығыны 48 981 130 теңгені құрайды.

Бұған дейін «Қазақфильм» президенті Ақан Сатаев бұл өрттің қасақана жасалғанын айтқан болатын.

14 тамыз күні кешке Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясының аумағында өрт шықты. Екі ошақтың ауданы — 600 м2.

«Қазақ хандығы» фильмі үшін салынған декорацияларды кинодраматург Нұрлан Санжар өзінің «Ұзақ жаңғырық» фильміне тартуды жоспарлаған.

«Кез келген адам кіріп, шығады, — міне, бұл бірінші себеп. Жауапсыздық. Және ол ұзақ жылдар бойы созылып келеді. Өртке қарсы күзетті қалпына келтіру керек «, — деп есептейді Нұрлан Санжар.

Мұндай күзет бұрын «Қазақфильмде» болған, бірақ бұл қызметті қысқартқан, — деді сценарист.

Бұл «Қазақфильм» аумағындағы алғашқы өрт емес. 2018 жылы жасөспірімдер «Томирис» фильмінің декорациясын өртеп жіберді.

 

 

Добавить комментарий