Шығыс Қазақстан облысының тұрғыны аса ірі көлемде алаяқтық жасады. Ол өзіне тиесілі емес жылжымайтын мүлікті сатып, 135 млн теңгені иемденген.
Бұл жайт 2019 жылы орын алған. Полицияға кәсіпорынның директоры арызданып, жүгінген. Оның айтуынша, алаяқ әйел Өскеменде орналасқан мейрамхананың қожайыны екеніне сендіріп, оны сатамын деп сылтауратып жәбірленушінің 135,5 миллион теңгесін иемденген.
Қылмыстық іс бойынша тергеу амалдары бірнеше рет нақты дәлелдердің болмауына байланысты тоқтатылмақ болған.
Шығыс Қазақстан облысы полиция департаментінің басшылығы жәбірленуші қайтадан жүгінгеннен кейін қылмыстық істі аға тергеушіге тапсырылды, сотқа дейінгі тергеу барысында күдіктінің кінәсінен дәлелдейтін айғақ табылды.
Күдіктіге аса ірі көлемде алаяқтық жасады деген айып тағылды. Өскемен қалалық №2 соты мен апелляциялық сот айыпталушыны кінәлі деп танып, бес жылға бас бостандығынан айырды.