Қазақстанға бұршақ жауып, үсік жүреді. Бұл туралы «Қазгидромет» РМК хабарлады. Алдағы үш тәулікте ауа райы нашарлайды деп күтілуде.
«Атмосфералық фронталдық бөлімдердің өтуімен республиканың басым бөлігінде жауын-шашын болады, жел күшейеді. Еліміздің орталығында, шығысында және оңтүстік-шығысында қатты жаңбыр, найзағай ойнайды, бұршақ жаууы мүмкін», — делінген сәрсенбі күні таратылған 29 сәуір мен 1 мамыр аралығындағы ауа райы болжамында.
Сондай-ақ, Скандинавия аудандарынан антициклонның келуімен Қазақстан аумағында ауа температурасы төмендейді деп күтілуде.
«Солтүстік жартысында түнде -3 градусқа дейін үсік жүреді, күндіз 10-15 градусқа дейін, оңтүстік жартысында түнде 7-15 градусқа дейін, күндіз 18-28 градусқа дейін жылы болады», — деп нақтылады синоптиктер.