Қазақстан мен Ресей президенттері телефон арқылы сөйлесті

Қазақстан мен Ресей президенттері Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путин телефон арқылы сөйлесті.

Мемлекет басшылары сауда-экономикалық және әскери-техникалық ынтымақтастықтың қазіргі жағдайына, сондай-ақ Қазақстанда цифрлық платформа құру туралы қол жеткізілген уағдаластыққа жоғары баға берді.

Қасым-Жомарт Тоқаев ұшақ құрастыру, автомобиль жасау, химия индустриясы салаларындағы бірлескен жобаларға көңілі толатынын жеткізді. Оның пікірінше, биылғы сәуір айында Қазан қаласында екі мемлекеттің үкіметтері арасында қол қойылатын 2021-2025 жылдарға арналған экономикалық ынтымақтастықтың кешенді бағдарламасының маңызы зор болмақ.

Владимир Путин Ресей мен Қазақстан арасындағы сауда-экономикалық, әскери-техникалық және цифрлық салалар бойынша байланыстарды нығайтудың маңызды екенін атап өтті. Әңгімелесу барысында Қасым-Жомарт Тоқаев елімізге «Спутник V» вакцинасының қосымша бөлігін жеткізу жайында өтініш білдірді.

Мемлекет басшылары Еуразиялық экономикалық одақтың әлеуетін одан әрі арттыруға қатысты ұстанымдары сәйкес келетінін айтып, серіктестіктің бұл бағытында тығыз ықпалдаса жұмыс істеуге келісті.

Добавить комментарий