Қытай мен Ұлыбритания: дипломатиялық жанжал шықты

Ұлыбританияның Қытайдағы елшісі Кэролайн Уилсон «орынсыз мақала» жариялағанына байланысты ҚХР Сыртқы істер министрлігіне шақырту алды

Кэролайн Уилсоннің қытайша «Шетелдік БАҚ Қытайды жек көре ме?» деп жазған мақаласы өткен аптада Бейжіңдегі британ елшілігінің WeChat ресми аккаунтында жарияланған болатын. Материалда британдық журналистер мен олардың Қытайдағы әріптестерінің жұмысын салыстырған. Сондай-ақ, елші мақалада тәуелсіз шетелдік баспасөз үкіметтің іс-әрекетін бақылаудағы «күзетші ит» ретіндегі рөлін атап өтті және қытайлық биліктің шетелдік БАҚ-тың Қытай билігін сынауы «Қытайға деген өшпенділікпен» тең емес екенін түсіндіруге тырысты.

Мақала жарияланғаннан кейін бірден Қытай халқының қатты наразылығын тудырып, қатаң сынға ұшырады.

Қытай сыртқы істер министрлігінің мәлімдемесінде Қытай үкіметі мен халқы ешқашан шетелдік БАҚ-қа қарсы шықпағаны, керісінше Қытай мен оның билеуші Коммунистік партиясына баспасөз бостандығы мен сөз бостандығы ұранымен шабуыл жасау үшін «жалған жаңалықтар» ойлап тапқандарға қарсы шыққаны айтылған.

ҚХР СІМ департаменті өкілінің айтуынша, Қытай Уилсонды өз міндеттерін қайта қарауға, өзінің мәртебесін есте сақтап, екіжақты қарым-қатынасты дамытуға барынша күш салуға шақырды.

Ұлыбритания елшісі Қытай ведомствосының сынына жауап беріп, «өз мақаласынан айнымайтынын» айтып, өзінің Twitter-дегі парақшасында мақалаға сілтемесін қалдырды.

БАҚ Қытай-Ұлыбритания қарым-қатынастарындағы шиеленістің ошағына айналды. Өткен айда Қытай BBC телеарнасын ел аумағында таратуға тыйым салған болатын. Бұл қытайлық мемлекеттік CGTN телекомпаниясы Ұлыбританияда лицензиясынан айырылғаннан кейін бір апта өткен соң болды.

Добавить комментарий