Алексей Навальныйға қарсы 530 аккаунт Instagram әлеуметтік желісінен жойылды

Facebook компаниясы ақпан айында ресейлік оппозициялық саясаткер Алексей Навальныйды қолдауға арналған наразылық акцияларына қатысушылардың беделіне нұқсан келтіру үшін хештегтер мен геотегтерді теріс пайдаланған 530 Instagram аккаунтын өшіріп тастады. Өшірілген аккаунттар негізінен Ресейде құрылған және ішкі аудиторияға арналған.

«Сол белсенділіктің артында тұрған адамдар жаңадан құрылған жалған аккаунттарды пайдаланып, релевантты ақпаратты бөгеп, жаңылыстыру мақсатында белгілі бір хэштегтері мен геотегтері бар үлкен көлемді жалған немесе сыни контент жариялаған», — делінген баяндамада.

Әңгіме #Путинуходи, #23января, #СвободуНавальный хештегтері, сондай-ақ Навальныйдың жақтастары өткізетін акцияның орындарының геотегтері туралы болып отыр. Оларды пайдалану арқылы әлеуметтік желіде митингілерде кәмелетке толмаған балалардың көп жиналғаны туралы мәлімдемелер, наразылық білдірушілерге қатысты сыни сөздер, мемдерді жариялады.

Естеріңізге сала кетейік, 17 қаңтарда Алексей Навальный қатты уланғаннан кейін емделіп, оңалтудан өткеннен кейін Германиядан Ресейге оралған. Ұшақ қона салысымен оны тұтқындап, кейінірек қамауға алды. 2 ақпанда Мәскеудің Симонов соты Алексей Навальныйдың «Ив Роше» ісі бойынша шартты мерзімін нақты мерзімге ауыстыру туралы ФСИН өтінішін қанағаттандырды. Ведомство оппозиционерді сынақ мерзімін бұзды деп айып тақты. Саясаткердің қамауда отырған уақытын ескеріп, 2 жыл 8 ай мерзім жазасын өтейді.

Навальныйдың тұтқындалғаннан кейін Ресейдің ірі қалаларда бірнеше жаппай наразылық шаралары өтіп, оған мыңдаған адам қатысты.

Добавить комментарий