БҒМ 1-5 сыныптарда “Көркем еңбек” және “Музыка” қашықтықтан оқыту форматында қалдыруды, ал қалған пәндерді штаттық форматқа көшіруді ұсынады.
1 наурыздан бастап 1-5 сынып оқушыларына аралас форматта оқытуға рұқсат етілді, деп хабарлайды ҚР Білім және ғылым министрлігі. Вице-министр Шолпан Каринова Facebook-тегі парақшасында толық түсіндірді.
«2021 жылғы 1 наурыздан бастап ҚР Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің 2021 жылғы 27 ақпандағы №9 қаулысына сәйкес, сондай-ақ санитариялық-эпидемиологиялық жағдайдың жақсаруы мен тұрақтануына байланысты, жалпы білім беретін мектептердің 1-5 сынып және халықаралық мектептердің 1-7 сынып білім алушыларын аралас форматта оқытуға рұқсат етілді. Өңірлердегі санитариялық-эпидемиологиялық жағдайды ескере отырып, қай оқу пәндерінің штаттық немесе қашықтан оқыту форматтарында жүргізілуін және оқу сағаттарының санын анықтауды мектептер дербес шешеді», — деп хабарлады вице-министр.
Бұл ретте БҒМ “Көркем еңбек” және “Музыка” пәндерін 1-5 сыныптарда қашықтан асинхронды форматта қалдыруды, қалған пәндерді штаттық форматқа көшіруді ұсынады.
Тек ерекше жағдайларда, ауырғанда немесе науқастармен қарым-қатынас жағдайларында ата-аналардың өтініші бойынша балаларды қашықтан форматында оқытуға қалдыруға рұқсат етіледі.
1-5 сыныптардың барлық оқушыларын мектепке қайтару бастауыш мектеп деңгейінде базалық білімнің, қажетті дағдылар мен құзыреттердің қалыптасуымен байланысты», — деп түсіндірді Шолпан Каринова.
Оқушыларға мектепке міндетті мектеп формасында емес, еркін, ұқыпты және жинақы киімде болуға рұқсат етіледі.
Бұдан басқа, сабақтан тыс уақытта білімдегі олқылықтарды толықтыру үшін оқушыларды оқытуға рұқсат етіледі. Бұл жағдай әлі де қашықтан оқытуда қалып отырған 6-8, 10 сыныптарға қатысты. БҒМ атап өткендей, бұл міндетті емес, оқушылардың ата-аналарының келісімімен мұғалімдер шешім қабылдайды.
Балалардың жекелеген санаттарының тамақтануы, тұруы, тасымалдануы өңірлердің бас мемлекеттік санитариялық дәрігерлерімен келісіліп қамтамасыз етіледі.
Вице-министр санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды сақтауы тиіс екенін еске салды. Мектеп басшылары балалардың қауіпсіздігін және денсаулығын сақтау үшін барлық жағдайларды қамтамасыз етеді. Білім алушылар мен педагогтер жеке гигиена ережелерін және санитариялық қауіпсіздік шараларын сақтауы тиіс.
Нұр-Сұлтан әкімдігі хабарлағандай, 2 наурыздан бастап елордалық мектептерде штаттық режимде 1-5 сынып оқушылары келесі пәндерді оқиды:
- 1-сыныптарда: математика, сауат ашу, шет тілі, орыс сыныптарындағы қазақ тілі, қазақ сыныптарындағы орыс тілі, жаратылыстану, дүниетану, өзін-өзі тану;
- 5-сыныптарда: қазақ тілі, қазақ әдебиеті, орыс тілі және орыс әдебиеті, шет тілі, математика, информатика, Қазақстан тарихы, өзін-өзі тану, дене шынықтыру, жаратылыстану.
9-11 (12) сыныптар “кезекші топтар” режимінде оқуын жалғастыруда.