2021 жылы Қазақстанда көші-қон саясатының 2022 — 2026 жылдарға арналған тұжырымдамасы әзірленеді. Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің кеңейтілген алқа отырысында ведомство басшысы Серік Шапкенов мәлім етті.
Министр этникалық көші-қонды ынталандыру шеңберінде республикаға 2020 жылы 7 мыңнан астам отбасы немесе 13 мыңнан астам этникалық қазақ келгенін, оның ішінде 396 қандас отбасы қабылдау өңірлеріне (ШҚО, СҚО, Ақмола, Павлодар, Қостанай облыстары) қоныстандырылғанын хабарлады. Ел экономикасын білікті шетелдік мамандармен қамтамасыз ету бойынша шаралар қабылдануда.
2020 жылы бөлінген квота шеңберінде жергілікті атқарушы органдар шетелдік жұмыс күшін тартуға 17,3 мың рұқсат берді. Қазақстандық қызметкерлердің мүдделерін ескере отырып, ағымдағы жылға квота республикадағы жұмыс күшінің санына қатысты 0,31%-ды құрады. Қолданыстағы көші-қон жүйесін жетілдіру мақсатында өткен жылы заңнамаға елге келетін қоныс аударушылар мен этникалық репатрианттарға қолайлы жағдайлар жасауды, жұмыс берушілердің шетелдік білікті қызметкерлерді қазақстандық кадрлармен алмастыру жөніндегі міндеттемелерін көздейтін түзетулер енгізілді.
«Көші-қон қатынастарын одан әрі дамыту аясында 2021 жылы үш негізгі міндет айқындалды. Біріншісі — Қазақстан Республикасының 2022 — 2026 жылдарға арналған көші-қон саясатының жаңа тұжырымдамасын қабылдау. Екіншісі — шетелде қазақстандық қызметкерлерді жұмысқа орналастыру және құқықтық қорғау бөлігінде тиісті жүйені енгізу. Үшінші — кадрлардағы қазақстандық қамтуды қамтамасыз ету кемінде 97% деңгейінде сақталатын болады», — деп хабарлады Серік Шәпкенов.