Парламент Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев Франция Республикасының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті елшісі Дидье Канесспен кездесті.
Тараптар екі ел арасындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайту, оның ішінде парламентаралық байланысты арттыру мәселелері сөз болды.
«Қазақстан Парламентінің екі палатасында да Франция Парламентімен ынтымақтастық бойынша топ жұмыс істейді. Біз парламентаралық байланысымыздың серпінді қарқынын сақтауға және француз парламентариімен сындарлы жұмыс істеуге мүдделіміз», – деді Мәулен Әшімбаев.
Сондай-ақ, Сенат Төрағасы елдеріміз арасындағы қарым-қатынастар мәдени-гуманитарлық тұрғыдан да табысты дамып келе жатқанын атап өтті. Екі елдің күш-жігерінің арқасында 2018 жылы «Абай-Верн» халықаралық білім беру бағдарламасы іске қосылған, бүгінде осы бастама бойынша алғашқы стипендиаттар Францияда оқуларын аяқтап үлгерді.
«Қазақстандық студенттер Францияда «Болашақ» бағдарламасы бойынша да білім алуда. Қазіргі таңда бұл бағдарламаның түлектері елімізде мемлекеттік қызметте және жеке секторда лайықты еңбек етіп жүр. Сондай-ақ, Алматыда «Сорбонна-Қазақстан» институтының жемісті жұмысын атап өткен жөн. Қазақстанның бірнеше қаласында «Альянс-Франсэз» мәдени-білім беру агенттігінің өкілдіктері жұмыс істейді. Мұның бәрі елдеріміздің мәдени-гуманитарлық саладағы ынтымақтастығының нақты нәтижесі екені сөзсіз», – деді Сенат Төрағасы.
Мәулен Әшімбаев Қазақстан Сенаты екіжақты ынтымақтастықтың осы және басқа да мәселелері бойынша тиісті жұмыстарды атқарып, Қазақстан мен Франция арасындағы қарым-қатынасты одан әрі ықпал етуді жалғастыра беретінін атап өтті.