Қазақстан Үкіметі 2021 жылғы экономикалық болжамның жақсарғанын айтты.
Доллар бағамы 425 теңге деңгейінде тұрақтайды. Бұл туралы Премьер-Министр Асқар Мамин хабарлады.
Атап айтқанда, бүгінгі үкімет отырысында сөйлеген сөзінде Мамин Министрлер кабинеті Қазақстанның 2021 жылға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамын қайта қарағанын айтты.
«2021 жылы ұлттық валюта бағамы бір доллар үшін 425 теңге деңгейінде тұрақтайды деп болжанып отыр», — деді Премьер-Министр.
Оның айтуынша, 2021 жылы ЖІӨ-нің нақты өсуі 3,1%, мұнай бағасы барреліне 50 доллар деңгейінде болжанып отыр.
Ұлттық экономика министрі Әсет Ирғалиев түсіндіріп өткендей, мұнайдың орташа бағасы барреліне 61 долларды құрады. Бұл ретте 2021 жылға арналған мұнай бағасы бойынша МҚҰ болжамы барреліне 44 доллардан 67 долларға дейін құбылады. Макрокөрсеткіштерді нақтылау кезінде мұнайдың орташа жылдық бағасы барреліне 50 доллар деңгейінде айқындалды.
Бұған дейін Үкімет 2021 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан экономикасының 3% деңгейінде өсуін болжаған болатын. Айта кетейік, Қазақстанның ЖІӨ осы жылғы қаңтарда өсу қарқыны минус 4,5%, ақпанда минус 2,9%, наурызда минус 1,6%-ды құрады. 2020 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанның ЖІӨ 2,6%-ға төмендеді. Салыстыру үшін, 2019 жылы Қазақстанның ЖІӨ 4,5%-ға өскен.