Қазақстанда 1 қыркүйектен бастап жұмыс істейтін қазақстандықтардың вакцинация паспортын тексеру басталады.
Міндетті түрде коронавирусқа қарсы екпе алуы керек адамдар тізіміне төменде көрсетілген нысанның қызметкерлері кірді:
- халыққа қызмет көрсету орталықтары;
- көтерме және бөлшек сауда нысандары;
- мәдени-демалыс нысандары;
- білім беру және оқыту ұйымдары;
- қоғамдық тамақтану орындары.
Толық тізімді мына жерден табуға болады. Сондай-ақ, «Ashyq» жобасына қатысатын барлық нысандардың қызметкерлері вакцина салдыруы керек.
Айта кетейік, елімізде вакцинация мәжбүрлі емес. Егер адам екпе салдырғысы келмесе, ол әр 7 күн сайын теріс нәтижесі бар ПТР анықтамасын ұсына алады. Сондай-ақ, тұрақты медициналық қарсы көрсетілімі бар және соңғы үш айда COVID-19 ауырып шыққан адамдар жұмыс істей алады.
Қызметкерлердің тексерілетін құжаттар:
- вакцинация паспорты немесе вакцинаның бірінші компонентін алғаны туралы анықтама;
- тұрақты медициналық қарсы көрсетілім немесе соңғы үш айда COVID-19 жұқтырып, аурғаны туралы анықтама;
- вакцина алмаған қызметкерлер үшін ПТР-сынамасы теріс нәтиже көрсеткені туралы анықтамалар.
Айыппұлдар ӘҚБтК-нің 425-бабы 1-бөлігі бойынша және ӘҚБтК-нің 462-бабы 3-бөлігі бойынша салынуы мүмкін.
462-баптың 3-бөлігінде: мемлекеттік бақылау және қадағалау органдары берген заңды талаптарды немесе қаулыларды орындамау немесе тиісінше орындамау, айыппұл салуға әкеп соғады:
- жеке тұлғаларға 5 АЕК мөлшерінде — 14 585 теңге;
- лауазымды тұлғаларға 15 АЕК мөлшерінде — 43 755 теңге;
- шағын кәсіпкерлік субъектілеріне немесе коммерциялық емес ұйымдарға 100 АЕК мөлшерінде — 291 700 теңге;
- орта кәсіпкерлік субъектілеріне 200 АЕК мөлшерінде — 583 400 теңге;
- ірі кәсіпкерлік субъектілеріне 500 АЕК мөлшерінде, рұқсаттың қолданылуын тоқтата тұрып немесе онсыз не қызметті немесе қызметтің жекелеген түрлерін тоқтата тұрып немесе онсыз — 1 458 500 теңге.
425-баптың 1-бөлігінде былай делінген: халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы заңнама талаптарын адам денсаулығына зиян келтіруге әкеп соқпай бұзу айыппұл салуға әкеп соғады:
- жеке тұлғаларға 30 АЕК мөлшерінде — 87 510 теңге;
- лауазымды тұлғаларға, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне немесе коммерциялық емес ұйымдарға 230 АЕК мөлшерінде — 670 910 теңге;
- орта кәсіпкерлік субъектілеріне 310 АЕК мөлшерінде — 904 270 теңге;
- ірі кәсіпкерлік субъектілеріне 1600 АЕК мөлшерінде — 4 667 200 теңге.
Бұған дейін еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шапкенов мәлімдегендей, жұмыс беруші COVID-19 қарсы вакцина алмаған қызметкерге, егер мұндай мүмкіндік болса, қашықтықтан жұмыс түріне ауысуды ұсына алады.
Қашықтықтан жұмыс істеуден бас тартқан не жұмысты қашықтықтан орындау мүмкіндігі болмаған жағдайда жұмыс беруші қызметкерді Еңбек кодексінің 48-бабының 1-тармағына сәйкес жалақысы сақталмай шеттете алады. Бұл ретте жұмыс беруші уақытша болмаған қызметкердің міндеттерін орындау үшін басқа қызметкерді қабылдауға құқылы.