Әзірбайжанда Қазақстанның сауда үйі ашылады. Орталық отандық бизнес-қауымдастықтың Бакудегі алғашқы сауда өкілдігі болмақ.
Кәсіпкерлердің басты мақсаты — екі елдің бизнес өкілдері арасында іскерлік байланыс орнату және «Қазақстанда жасалған» деген белгісі бар өнімдердің кең түрін әзірбайжан нарығына шығару.
Әзірбайжандағы Қазақстанның сауда үйі тіркеуден өтті, қазір бизнес-байланыстарды жолға қою бойынша жобалар дайындалуда. Басшылықтың айтуынша, екі ел кәсіпкерлерінің бірлескен ынтымақтастығының болашағы зор.
Руфат Рзаев, Қазақстан Сауда үйінің бас директоры:
«Әзірбайжанда Қазақстанның сауда үйін құру идеясы биылғы жылдың басында пайда болды. Қазақстан елшілігінің тікелей көмегімен біз Сауда үйін іске қосу форматын жоспарладық. Өкінішке қарай, пандемия жағдайы өз түзетулерін енгізді. Бірақ өз жұмысымызды жалғастырамыз, бұл онлайн режимде күнделікті келіссөздер, консультациялар. Жақын арада екі ел арасындағы әуе қатынасы қалпына келген соң біз қазақстандық экспорттаушылардың қатысуымен Бакуде жәрмеңке өткізуді жоспарлап отырмыз».
Дәстүрлі түрде Қазақстан Әзірбайжанға бидай, мұнай өнімдері, ауыр өнеркәсіп тауарларын жеткізеді. Сауда үйінің бастамашылары өнім түрлерін кеңейтпек. Жоспарда — тауарлар көрмелерін ұйымдастыру, қазақстандық бизнесмендерге кеңес беру және B2B кездесулері кіреді .
Руфат Рзаев, Қазақстан Сауда үйінің бас директоры:
«Екі ел арасындағы экспорт пен импортқа сұранысқа ие өнімдер тізімі тарихи тұрғыдан бар. Бірақ біз осы ассортиментті кеңейтуді, азық-түлік саласы, Қазақстанның тоқыма саласы өнімінің экспортын ұлғайтуды жоспарлап отырмыз. Бізге Қазақстанның да, Әзірбайжанның да бизнес өкілдері бірлескен инвестициялық жобаларды жүзеге асыру жөнінде үндеу жолдайды. Біз екі елдің бизнес-қауымдастықтары арасында бірлескен кәсіпорындар құру синергиясына сенеміз. Ынтымақтастыққа қызығушылық танытқандардың барлығын бізге хабарласуға шақырамыз».
Пандемия бүкіл әлемдегі тауар айналымы мен бизнес-байланыстардың көлемін айтарлықтай қысқартты, Әзербайжан мен Қазақстан арасындағы сауда байланыстары да ерекше жағдай емес. Биылғы жылдың сегіз айының қорытындысы бойынша сауда айналымы 68 миллион долларды құрады, бұл өткен жылғы көрсеткіштен 2 есе аз.
Енді бизнес қоғамдастық айналымды бұрынғы деңгейге қайтарып, бұрын жоспарланған көрсеткіштерге қол жеткізуге үміттенеді және сауда мен байланыстар үшін осындай орталықтар ашу — жағдайды тұрақтандыру жөніндегі шаралардың бірі болып табылады.