Әзірбайжанда Қазақстан мен Әзірбайжан президенттері арасында келіссөздер өтуде

Қазақстан Президенті Қ.К.Тоқаев Әзербайжан көшбасшысы И.Әлиевпен тет-а-тет форматында келіссөздерге кірісті.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевты ресми қарсы алу рәсімі Әзербайжан Президентінің «Загульба» резиденциясында өтті

Құрмет қарауылының бастығы рапорт бергеннен кейін екі ел басшылары әскерилер сапын аралап өтті. Қазақстан мен Әзербайжанның әнұрандары шырқалды. Содан соң Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ильхам Әлиев бір-біріне ресми делегациялардың мүшелерін таныстырды.

Қазақстан Президенті Әзербайжан Республикасына ресми сапармен келуге шақырғаны үшін Ильхам Әлиевке алғыс айтты.

«Ең алдымен бізге көрсеткен қонақжайлығыңыз үшін сізге ризашылығымды білдіремін. Бұл – Қазақстан Президенті ретінде алғаш рет ресми сапармен келуім. Бұл сапардың мен үшін мән-маңызы айрықша. Бүгін бірқатар өте өзекті мәселелер туралы пікір алмасулар болады. Келіссөздер нәтижесінде бірқатар құжатқа қол қойылмақ. Ол екіжақты ынтымақтастықты, қазақ-әзербайжан қарым-қатынасын жаңа деңгейге көтереді деп сенемін», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Ильхам Әлиев өзінің шақыруын қабыл алып, Әзербайжанға ресми сапармен келгені үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа ризашылығын білдіріп, Қазақстан Президентінің Бакуға келуі екі ел арасындағы ынтымақтастыққа тың серпін беретінін атап өтті.

Келіссөздер кездесу рәсімінен кейін басталды.

 

Добавить комментарий