Әзірбайжан Қарабақтағы әскери операцияларды жалғастыратынын мәлімдеді. Баку Арменияның Таулы Қарабақ аумағынан өз әскерін шығаруын талап етеді.
Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы (ЕҚЫҰ) жанындағы елдің тұрақты өкілі ұйымның Тұрақты кеңесінің арнайы отырысында Армения Әзірбайжан талабын орындағанға дейін соғыс жалғасатынын айтты. Баяндама үзінділерін сәрсенбі күні Әзірбайжан СІМ баспасөз қызметі таратты.
«Ресми Баку ЕҚЫҰ-ның Минск тобы Әзірбайжанның ниетін толық түсініп, Армения қарулы күштерін басып алынған аумақтардан толық және сөзсіз шығаруды талап етеді деп үміттенеді. Сол уақытқа дейін Әзірбайжан легитимді әскери операцияларды жалғастырады», — делінген баяндамада.
Сонымен қатар, «халықаралық құқық нормалары мен принциптері негізінде және Әзірбайжанның халықаралық танылған шекаралары шеңберінде республиканың егемендігі мен аумақтық тұтастығын толық құрметтеу арқылы ғана дау-дамайды шешуге болады».