Жолдауды іске асыру жоспарының жобасы бекітілді

Үкімет отырысында Президент Жолдауын жүзеге асыру бойынша жалпыұлттық жоспардың жобасы қабылданғаны белгілі. Оны әзірлеуге Ұлттық экономика министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп қатысты. Жоба жаңа экономикалық бағыттың 7 негізгі қағидатына негізделеді және 10 негізгі бағыт бойынша 143 іс-шарадан тұрады.

Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов атап өткендей, жоспардың бірінші бағыты — «Мемлекеттік басқарудың жаңа үлгісі».

Мемлекеттiк жоспарлау жүйесiн одан әрi жетiлдiру жоспарланып отыр. Тиімді кадр саясаты және шешімдер қабылдау жүйесі қамтамасыз етілетін болады.

«2021 жылдың 1 шілдесінен бастап мемлекеттік қызметкерлерге еңбекақы төлеудің жаңа жүйесіне көшу жүзеге асырылады. Экономикаға мемлекеттік қатысуды төмендету жөніндегі шаралар жалғасатын болады. Барлығы 10 іс-шараны жүзеге асыру жоспарлануда», — деді Руслан Дәленов.

Екінші бағыт — «Жаңа жағдайдағы экономикалық даму».

Бұл бағыттың басымдығы өңдеуші өнеркәсіптің бәсекеге қабілеттілігін арттыру болады, қазақстандық қамтудың үлесі ұлғаяды. Агроөнеркәсіптік кешеннің әлеуетін дамытуға ерекше назар аударылатын болады. Елдің көлік-транзит секторын белсенді дамыту жалғасады.

«ШОБ-ті, оның ішінде экономиканың зардап шеккен секторларын қолдау мен дамыту жалғасады. Ақша-кредит саясаты маңызды ынталандырушы рөл атқаратын болады. Салық мiндеттемелерiн орындауды оңайлату және көлеңкелi экономиканы төмендету жөнiнде жұмыс жүргiзiлетiн болады. Барлығы 42 іс-шараны жүзеге асыру жоспарлануда «, — деді спикер.

Үшінші бағыт — «Теңгерімді аумақтық даму».

Өңірлердің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға баса назар аударылады. «Өндірісті дамыту және жаңа жұмыс орындарын құру әлеуетін ескере отырып, өсу нүктелері қалыптастырылады. Отандық тауарларды шекара маңындағы аумақтарда ілгерілету үшін ынтымақтастық кеңейеді. Барлығы 2 іс-шараны жүзеге асыру жоспарлануда», — деді Руслан Дәленов.

Төртінші бағыт — «Азаматтардың әлеуметтік әл-ауқаты — басты басымдық».

Азаматтарға зейнетақы жинақтарының бір бөлігін баламалы мақсаттарға (тұрғын үй сатып алу, емдеу немесе қаржы компанияларын басқаруға беру үшін) пайдалану мүмкіндігі беріледі. Жалға берілетін тұрғын үйді дамыту, әлеуметтік осал топты жалға берілетін тұрғын үймен қамтамасыз ету жөніндегі шаралар кешені қабылданатын болады. Әлеуметтік және демографиялық саясатты жетілдіру жалғасады. Барлығы 10 іс-шараны жүзеге асыру жоспарлануда.

Бесінші бағыт — «Қолжетімді және сапалы білім беру».

«Толыққанды оқу үдерісімен қамтамасыз ету үшін Бірыңғай білім беру онлайн платформасы әзірленеді. Білім беру жүйесіне білікті кадрлар тартылады, педагог мәртебесі артады. Кәсіптік білім беру еңбек нарығында сұранысқа ие құзыреттерді қалыптастыруға қайта бағдарланатын болады. Еліміздің ғылыми әлеуетін арттыруға ерекше көңіл бөлінеді. Барлығы 16 іс-шараны жүзеге асыру жоспарлануда», — деп атап өтті министр.

Алтыншы бағыт — «Денсаулық сақтау жүйесін дамыту».

Мұнда медициналық инфрақұрылымды жаңғыртуға және материалдық-техникалық жарақтандыруды қамтамасыз етуге ерекше назар аударылатын болады. Ауылдық жерлерге қызмет көрсету үшін алғашқы медициналық-санитарлық көмек пен көліктік медицинаны белсенді дамыту жоспарлануда. Медициналық препараттардың отандық өндiрiсiн дамыту жөнiнде шаралар қабылданатын болады. Барлығы 10 іс-шараны жүзеге асыру жоспарлануда.

Жетінші бағыт — «Экология және биологиялық әртүрлілікті қорғау».

Минералдық-шикізат базасын, су шаруашылығын, балық кәсіпшілігін және ұлттық парктерді дамыту жөнінде кешенді шаралар қабылданатын болады. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы саясатты жетілдіру жалғасады. «Жасыл өсу» және ұлттық экономиканы терең декарбонизациялау бойынша шаралар қабылданатын болады. Барлығы 8 іс-шараны іске асыру жоспарлануда.

Сегізінші бағыт — «Азаматтардың мүдделерін қорғауда әділ мемлекет».

Үш буынды қылмыстық модель құрылады және қылмыстық және қылмыстық іс жүргізу заңнамасының тұрақтылығы қамтамасыз етіледі. Жергілікті полиция қызметін одан әрі жетілдіру жалғасады. Мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектор қызметінің ашықтығы мен есептілігі артады. Барлығы 30 іс-шараны іске асыру жоспарлануда.

Тоғызыншы бағыт — «Цифрландыру — барлық реформалардың базалық элементі».

Цифрлық теңсіздікті жою және интернетке барынша қол жеткізуді қамтамасыз ету жөнінде шаралар қабылданатын болады. Зейнетақы мен жәрдемақы тағайындауға және төлеуге байланысты процестер цифрландырылатын болады. Бірыңғай мәліметтер қоры жүйесі құрылады. Барлығы 8 іс-шараны іске асыру жоспарлануда.

Оныншы бағыт — «Мемлекетті басқаруға азаматтық қатысу».

«Азаматтардың мемлекеттік басқару мәселелерін шешуге белсенді қатысуын кеңейту үшін онлайн-петициялардың бірыңғай заңды институты құрылады. Ауыл әкімдерінің тікелей сайлауын өткізу жоспарлануда. Мәслихаттар қызметінің ашықтығы артады. МӘМ органдарының мәртебесі мен өкілеттіктері күшейтілетін болады. Барлығы 7 іс-шараны жүзеге асыру жоспарлануда», — деп атап өтті министр.

Руслан Дәленовтың айтуынша, Мемлекет басшысының тапсырмаларын тиімді әрі сапалы жүзеге асыру үшін Премьер-министрдің жетекшілік ететін орынбасарларының төрағалығымен 11 жұмыс кіші тобын құру арқылы жобалық тәсілді қолдану ұсынылады.

Добавить комментарий