Жобалаушылар мен техникалық қадағалау мамандары жолдардың сапасы үшін жауапты болады

Индустрия министрлігі көтерген заңнамалық бастама қабылданса, жол төсемінде ақаулар анықталған жағдайда жобалаушылар мен техникалық қадағалау мамандары жолдардың сапасы үшін жауапты болады.

Заңнамаға елді мекендердегі жолдарды жөндеу сапасына міндетті сараптама енгізіледі.

Қазақстанда елді мекендердегі жол жөндеу жұмыстарының сапасына міндетті сараптаманы енгізу механизмін даярлады, деп хабарлайды ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің баспасөз қызметі.

Көлік саласына қатысты заң жобасы даярланды.

«Заң жобасы «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» РМК арқылы елді мекендердегі жол жөндеу жұмыстарына міндетті сараптама жүргізуді қарастырады. Ұлттық сапа орталығы сараптама барысында жөндеу жұмыстарының тиісті нормаларға сәйкестігіне байланысты қорытынды шығарады», — делінген хабарламада.

Бүгінде жолды пайдалануға бергеннен кейін техникалық қадағалау мен жобаны жүзеге асырған мекемелер жөндеу жұмыстары барысындағы қате шешімдер мен ақаулар үшін жауапкершілікке тартылмайды. Осы олқылықтың алдын алу мақсатындағы заң жобасы қазіргі күнде Парламент Мәжілісінің қарауында.

Қосымша ынталандыру шарасы ретінде министрлік жолдардың сапасына байланысты әкімдердің рейтингін анықтау әдістемесін даярлауда. Ол жылдың аяғына дейін бекітілмек.

 

Добавить комментарий