Ақмола облысында полиция қызметкерлері әкесінің көлігінің жүксалғышынан ұйықтап жатқан баланы тапты. Жоғалып кеткен баласын таба алмаған ата-анасы оның жоғалғанын айтып полицияға жүгінген.
Бұл жайт 30 қыркүйек күні болды, Шортанды АПБ-ның кезекші бөліміне 37 жастағы жергілікті тұрғын 12 жасар ұлын іздеуге көмек сұрады. Ер адамның айтуынша, бір күн бұрын, 29 қыркүйек күні кешкі сағат 20:00 шамасында, кешкі астан кейін бала үйден шығып кеткен. Ер адам полицияға жүгінгенге дейін баласының қайда екенін білмеген.
Оқиға орнына келгеннен кейін полиция қызметкерлері бірінші кезекте жоғалған баланың үйінің ауласы мен жақын маңдағы аймақты сүзіп шығып, аулада әкесінің жүрмейтін автокөлігін ашып тексерген.
Полицейлер автокөлікті ашып қарағанда жүксалғышта әкесінің күртешесін жамылып, ұйықтап жатқан бала табылды. Баланы тексеру кезінде өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін белгілер анықталмады, бала ата-анасына тапсырылды.