Алматы облысында тамыз айының соңында жоғалып кеткен жасөспірім өлі күйінде табылды. 17 жастағы Равиль Авамуслимовтың денесін балықшы тапты.
Оқиғаның егжей-тегжейі
Еңбекшіқазақ ауданы Шелек ауылының қырық бес жасар тұрғыны 11 қыркүйекте полицияға хабарласып, Шелек ауылынан үш шақырым жердегі көл жағасында балық аулау кезінде жас жігіттің жансыз денесін көргенін хабарлады.
Оқиға орнына шыққан жедел-тергеу тобы қаза тапқан адамның 17 жастағы жоғалып кеткендер тізімінде тұрған Равиль Авамуслимов екенін анықтады.
Жас жігіттің өлу себебі анықталмаған. Сот-медициналық сараптама тағайындалды.
Естеріңізге сала кетейік, Равиль Авамуслимов ағымдағы жылдың 30 тамызында Еңбекшіқазақ ауданының Шелек ауылында жоғалған болатын. Полицияға баланың туыстары жүгінді. Уәкілетті органдар еріктілермен бірлесіп жасөспірімді белсенді түрде іздестірді.