Әлеуметтік желідегі пабликтің әкімшісі тәртіпсіздікті насихаттайтын жазба жариялағаны үшін әкімшілік қамауға алынды. Бұл туралы РҚБ Терроризмге қарсы комитетінің баспасөз қызметі хабарлады.
Полиция департаментінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, сот шешімімен ол ТЖ режимі кезінде құқықтық тәртіпті бұзуға итермелейтін әрекеттер жасағаны үшін 30 тәулікке қамауға алынған. Ол Instagram әлеуметтік желісінде митингіге шақырған экстремистік ұйымның әрекеттерін насихаттайтын жазба жариялаған.
«Қоғамдық тәртіптің бұзылуына алып келуі мүмкін әрекеттер үшін көзделген жауапкершілікті түсінген жөн. Төтенше жағдай режимі кезеңінде азаматтарды саналылық пен жауапкершілік танытуға шақырамыз. Барлық қабылданып жатқан шаралар, оның ішінде уақытша шектеулер халықтың қауіпсіздігі мен тыныштығын қамтамасыз етуге бағытталған», — деп атап өтті Солтүстік Қазақстан облысының коменданты, СҚО Полиция департаментінің бастығы Марат Төлебаев.
Полицейлер заңнамамен жалған ақпарат тарату үшін де жаза көзделгенін еске салды. Жалған ақпарат таратқан азаматтар 3 жылдан 7 жылға дейiнгi бас бостандығынан айыру түрiндегі жазаға тартылуы мүмкiн.
Құқықтық тәртіпті бұзуға, әлеуметтік және ұлтаралық алауыздықты тұтатуға алып келетін арандатушылық пікірлер үшін де ҚР заңнамасымен жауапкершілік көзделген.
ТЖ режимі кезеңінде билік өкілінің заңды өкіміне немесе талабына бағынбағаны үшін 2 жылға дейін бас бостандығынан айыру көзделген.
Полиция департаментінде CALL-орталығының 61-25-42 телефоны жұмыс істейді, мұнда азаматтар ТЖ режимі кезеңіндегі шектеу шаралары мәселелері бойынша жүгіне алады. Сондай-ақ, полицейлер күдік тудыратын тұлғалар немесе фактілер, төтенше жағдай режимінің бұзушылықтары туралы «102» арнасына хабарлауды сұрайды.