Бүгін Қоғамдық денсаулықты нығайту орталығының басшысы Жазира Ембердиева қазақстандықтарды шетелге демалуға бармауға, санитарлық шараларды ұстануға шақырды.
«Қазіргі таңда тыныш жағдайға қарамастан, біз бүкіл әлем коронавирустық инфекция пандемиясында өмір сүріп жатқанымызды түсінуіміз керек. Қазіргі уақытта күзгі-қысқы кезеңнің басталуымен коронавирустық инфекцияның екінші толқынының дамуы мүмкін, Сондықтан біз әрдайым елімізде ғана емес, бүкіл әлемде қабылданған санитарлық ережелерді, нормалар мен эпидемияға қарсы іс-шараларды есте сақтау керектігін еске салғымыз келеді», — деп атап өтті ҚР ДСМ Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығының Қоғамдық денсаулықты нығайту орталығының басшысы Жазира Ембердиева.
Қабылданған санитарлық ережелерге мыналар жатады: әлеуметтік қашықтықты сақтау, қоғамдық орындарда бетперделерді үнемі тағып жүру, қолды санитайзерлермен өңдеу, қолды жиі жуу.
Сонымен қатар, Қазақстанда қоғамдық сипаттағы мекемелер (дүкендер, дәріханалар, мейрамханалар және т.б.) санитайзерлермен, дезинфекциялау кілемшелерімен жабдықталған, ал келушілер кірген кезде олардың температурасы тексеріледі.
«Қазақстан бойынша барлық шаралар қабылданды. Халыққа ұсыныстарды сақтап, коронавирустық инфекцияны жұқтыру қаупі жоғары екенін есте ұстау қажет. Сондай-ақ, кейбіреулер егер мен көктемде немесе жазда ауырып қалсам, қайтадан ауырмаймын деп қате ойлайды. Өкінішке қарай, олай емес. Антиденелер ұзақ сақталмайды және бұл жеке. Кейбіреулерінде бір ай, кейбіреулерінде 3-4 айдан аспауы мүмкін. Сондықтан қайта жұқтыру қаупі бар», — деп түсіндірді сарапшы.
Жазира Ембердиева атап өткендей, шетелге шықпаған жөн, өйткені жол жүру жұқтырудың жоғары қауіпін тудырады.
«Біз барлығына шетелге барудан бас тарту керектігін айтамыз. Қазір Еуропа елдерінде сырқаттанушылықтың өсуі байқалады, сондықтан адам демалуға барған соң жұқпалы ауруға шалдығу қаупі бар», — деп есептейді ол.
Қазақстанның мемлекеттік шекарасын кесіп өткен сәтте 72 сағат бұрын алынған ПТР әдісімен COVID-19-ға тесттен өткені туралы анықтама болмаған жағдайда Қазақстан азаматтары болып табылмайтын адамдар кіруге жіберілмейді, ал қазақстандықтар карантиндік стационарда оқшаулануға жатады.
Жазира Ембердиева Қазақстанға келгеннен кейін қосымша сараптама тапсыру қажет пе деген сұраққа жауап бере отырып, ПТР-тестінен алғашқы белгілер пайда болғанда (температураның жоғарылауы, құрғақ жөтел, ауыру, бас аурулары) тапсыруға болатынын түсіндірді.
Сондай-ақ, ол жазылғаннан кейін коронавирустық инфекция белгілері қалған адамдарға емдеуші дәрігерге жүгінуді ұсынды.
«Мүмкін, клиникалық белгілер ұзақ сақталады. Жеке жағдайларда аумақтық емхананың емдеуші дәрігеріне барып, лор-дәрігерде, невропатологта, отбасылық дәрігерде мұқият тексеруден өту қажет. Бұл аурудың барлық сәттері жаңа, сондықтан Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының пікірі бойынша, басқа елдердің тәжірибесіне сүйене отырып, зерттеулер жүргізілуде. Сондықтан ұзақ мерзімді зардаптардың қаншалықты ауыр болатынын, қаншалықты 100% емделуге болатындығын, адам денсаулығына қандай да бір салдары бола ма, жоқ па, оны әлі күнге дейін айту мүмкін емес”, – деп толықтырды Жазира Ембердиева.