Дәрігерлер жатақханасы қираған Ақтау колониясынан жеткізілген науқастардың жағдайы туралы айтты. Екі адам қаза тапты, ал сегіз сотталушыны үйінділердің астынан тірі алып шықты.
Маңғыстау облыстық көпсалалы ауруханасының қабылдау бөлмесінің меңгерушісі Айберген Сәуірбаев үйінділер астынан тірі шығарылған сегіз адамның жағдайы туралы хабарлады.
Олардың төртеуі ауруханаға жатқызылды, біреуі жансақтау бөлімінде жатыр, қазір оның жағдайы өте ауыр, аппаратқа қосылған. Үш науқасқа да медициналық көмек көрсетілді. Олар есін біледі, ем қабылдап жатыр. Негізінен, миы шайқалып, бас-ми жарақатын алған, өкпесі зақымданған, аяқ-қолдың сынған, — дейді Сәуірбаев.
Ауруханада зардап шеккендерге ішкі істер министрінің орынбасары Арыстанғани Заппаров пен ҚАЖ комитетінің басшысы барды. Дәрігерлер қарап тексергеннен кейін төрт тұтқынды амбулаториялық ем қабылдау үшін колонияға қайтарды. Оларға туыстарымен бейнебайланыс арқылы хабарласуға рұқсат берді.
Қаза тапқандардың отбасыларына барлық қажетті көмек көрсетілуде.
«Біз денесін әлі көрген жоқпыз. Менің інім қаза тапты. Түрмеде асханада жұмыс істейтін. 11 жыл жазасын өтеді, бостандыққа шығуына небәрі сегіз ай қалып еді. Ол түрмеге екі аяғымен, сап-сау күйінде түскен. Оны солай шығуы керек еді», — дейді марқұмның туысы Зейнеш.
Сондай-ақ, қираған ғимаратты жөндеуге ақша бөлінгені туралы ақпарат бар. ІІМ арнайы комиссиясы ТЖ-ға қатысты тергеу амалдарын жүргізіп жатыр. Мамандар 700-ден астам адам жазасын өтеп жатқан колония аумағындағы барлық ғимараттарды тексеріп жатыр.
Іс «Адамдардың өліміне әкеп соққан сапасыз құрылыс» бабы бойынша қозғалды. Кінәлі адам сегіз жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Маңғыстау облысындағы колонияның жатақханасы қирағаны 19 шілдеде белгілі болды. Кейінірек әлеуметтік желіде оқиға орнынан суреттер мен видеолар пайда болды. Қаза болғандардың саны үш адамға жетті.