Дэян Вукшич НАТО-ға мүше елдердің сыртқы барлау қызметінің құпия мәліметтерін жариялады деген күдікке ілінді.
Подгорица Жоғары мемлекеттік прокуратурасының баспасөз хатшысы Лепа Меденица Черногория Ұлттық қауіпсіздік агенттігінің (ҰҚА) басшысы Дэян Вукшич құпия мәліметті жариялау дерегі бойынша алдын ала тергеу басталғанын айтты.
19 наурыз күні оппозициялық Социал-демократиялық партиясының жетекшісі және қауіпсіздік және қорғаныс жөніндегі парламенттік комитеттің мүшесі Раско Коневич Вукшич құпия деректер туралы заңды бұзғанын және комитет отырысы кезінде НАТО-ға мүше елдердің сыртқы барлау қызметінің мәліметтерін жария еткенін мәлімдеді.
Премьер-министрдің қауіпсіздік мәселелері жөніндегі орынбасары Дритан Абазович мұны растап, Вукшичтің құпия мәліметті жариялап, қателік жасады деп мәлімдеді.
Вукшичті қорғаған премьер-министр Здравко Кривокапич ол НАТО-ға мүше елдердің емес, ҰҚА-нің ішкі құжатындағы мәліметтерді жариялағанын айтты.
СР-ның Балқан бөлімшесі құпия мәліметтер ОББ жедел уәкілдеріне қатысты болуы мүмкін екенін айтады.
НАТО бас хатшысы Йенс Столтенберг 22 наурыз күні өткен баспасөз конференциясында бұл мәселеге түсініктеме беруден бас тартты, бірақ НАТО Солтүстік Атлант одағының деректерін қорғау қажеттілігіне ерекше назар аударады және процедураларды сақтау және құпия құжаттарды қорғау үшін барлық одақтастармен жұмыс істейтін болады деді.
Сондай-ақ, Столтенберг НАТО-ға мүше барлық елдер үшін, әсіресе жаңадан қосылғандар үшін тексеру процедурасы бар екенін және деректерді қорғау ең жоғары деңгейге жеткізілгенін айтты.
Естеріңізге сала кетейік, Черногория НАТО құрамына 2017 жылы қосылған. 2020 жылғы 30 тамызда үкімет басына келген премьер-министр Здравко Кривокапич Демократиялық майдан коалициясының қолдауымен 2020 жылғы желтоқсан айының ортасында Вукшичті ҰҚА басшысы етіп тағайындады. Вукшичтің тағайындалуына оппозиция қарсы болып, ҰҚА туралы заң бұзылғанын, оған сәйкес ҰҚА директоры мен лауазымды тұлғалары саяси партияның мүшесі бола алмайтынын немесе саяси қызметпен айналысуға болмайтынын баса айтты.