Жәмила Нұрманбетова заң жобасын пысықтауға азаматтық қоғам өкілдері мен сарапшылар тартылғанын айтты.
«Мен осы күндері «Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл туралы» Қазақстан Республикасы Заңының негізгі ережелерін егжей-тегжейлі және сындарлы түрде зерттедім. БАҚ-та сарапшылар да, азаматтық қоғам өкілдері де айтқан пікірлерді, сондай-ақ азаматтардың көптеген өтініштерін талдап қарадым. Барлық объективті ұсыныстарды, пікірлер мен мәлімдемелерді таразылай отырып, аталмыш Заң жобасының редакциясын кері қайтарып, бірлескен жұмысты бастауға болады деп ойлаймын», — деп хабарлады Нұрманбетова.
Ол осы тақырып бойынша мүдделі тұлғалардың қатысуымен алдын ала кеңінен талқылау жүргізуді ұсынды, олардың арасында тәуелсіз сарапшылар, белсенділер мен азаматтық қоғам өкілдері болады.
«Жан-жақты талқылау қорытындысы бойынша біз отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимылдың пәрменді тетігін құратын заң жобасының жаңа моделін бірлесіп әзірлейтінімізге сенімдімін», — деді депутат.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін қазақстандық заңгерлер тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы жаңа заң жобасына қарсы болған болатын. Заңгерлер құжатты талдап, оны қабылдауға болмайды деп есептейді, өйткені, олардың пікірінше, онда даулы жағдайлар тым көп.