Украина президенті Владимир Зеленский өз елінің Еуропалық Одаққа кіру жөніндегі келіссөздердің басталуына ешқандай кедергі жоқ екенін мәлімдеді.
Президент Владимир Зеленский Украинаның Еуроодаққа кіруі жөнінде келіссөздерді биыл бастау үшін «ешқандай кедергі» жоғын мәлімдеді.
Бұл туралы Зеленский Швеция премьер-министрі Ульф Кристерссонмен Киевте өткен кездесудің қорытындысы бойынша өткен брифингте айтты.
Президент кездесудің едәуір бөлігі еуропалық күн тәртібіне арналғанын, себебі Швеция осы жартыжылдықта Еуроодақ Кеңесіне ротациялық негізде төрағалық ететінін хабарлады.
«Швед төрағалығымен бірлесе отырып, биыл Украинаның Еуропалық Одаққа мүшелігі туралы келіссөздерді бастау үшін қажетті барлық жағдайды қамтамасыз етуіміз керек. Біз басталғанын қалаймыз және бұған ешқандай кедергі жоқ және болмайды», — деді Владимир Зеленский.
Еске сала кетейік, өткен аптада Украина-ЕО саммитінде Киев 2023 жылы одаққа қосылу туралы келіссөздерді бастау туралы мақсатын жариялады, ал Брюссель өз кезегінде көктемде жеті ұсыныстың орындалуына аралық баға беруге келісті.
Сарапшылық ұйымдар консорциумының бағалауынша, Украинаның ЕО талаптарын орындауының орташа деңгейі кандидаттық мәртебе аясында 10 балдық шкала бойынша 5 баллдан асып түсті.