Зейнетақының орташа мөлшері жарияланды

Еңбек министрлігінің мәліметіне сәйкес, Қазақстанда 2020 жылдың қаңтар-қараша айларында базалық зейнетақы төлеуге республикалық бюджеттен 706,7 млрд теңге, ынтымақты зейнетақы төлеуге — 1 575,3 млрд теңге бөлінді.

Атап айтқанда, қараша айында республикалық бюджеттен зейнетақы төлемдеріне 210,4 млрд теңге, оның ішінде базалық зейнетақы төлемдеріне 65,3 млрд теңге, ынтымақты зейнетақы төлемдеріне 145,1 млрд теңге бағытталды.

«2020 жылғы 1 желтоқсандағы жағдай бойынша зейнетақы төлемдерінің орташа мөлшері (базалық зейнетақы төлемін ескере отырып) 94 825 теңгені құрады», — делінген хабарламада.

Биылғы жылдың 1 желтоқсанындағы жағдай бойынша зейнеткерлер саны 2 млн 229 мың адамды құрайды.

Қазақстанда 2018 жылғы 1 шілдеден бастап мемлекеттік базалық зейнетақы төлемі зейнетақы жүйесіне қатысу өтілін ескере отырып, әрбір алушыға жеке тағайындалады. Зейнетақы жүйесіне қатысу өтіліне 1998 жылғы 1 қаңтарға дейін ортақ жүйеде әзірленген еңбек өтілі де, осы күннен кейін де — міндетті зейнетақы жарналары (МЗЖ) төленген кезеңдер негізінде енгізіледі. Бұл ретте МЗЖ төлеудің бір айы жинақтаушы зейнетақы жүйесіндегі жұмыс өтілінің бір айы ретінде есепке алынады.

Егер зейнетақы жүйесіндегі жұмыс өтілі 10 жыл немесе одан аз болса, сондай-ақ егер мүлде жоқ болса, базалық зейнетақы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 54%-ын құрайды, содан кейін 10 жылдан асқан әр жыл үшін оның мөлшері 2%-ға артады. Мысалы, егер сіз 20 жыл қатыссаңыз, базалық зейнетақы күнкөріс деңгейі құнының 74%-ды, 30 жыл – күнкөріс құнының 94%-ын құрайды. 33 және одан да көп жыл жұмыс өтілі болса, күнкөріс құнының 100% жоғары мөлшерінде белгіленеді.

Осылайша, міндетті зейнетақы жарналары неғұрлым тұрақты және толық көлемде төленсе, зейнеткерлік жасқа жеткен кезде азаматқа базалық зейнетақы төлемінің мөлшері соғұрлым көп болады. Өз кезегінде жасына байланысты зейнетақы төлемдерінің (ынтымақты) мөлшері 1998 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша еңбек өтіліне (кемінде 6 ай талап етіледі) және зейнетақы алдындағы кезеңде алынған орташа айлық табысқа байланысты.

Добавить комментарий