Өзбекстан Президенті Қазақстанға мемлекеттік сапармен келді

Кеше, 2021 жылғы 5 желтоқсанда Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев Қазақстанға мемлекеттік сапармен келді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев оны елорда әуежайда қарсы алды.

«Қос елдің басшылары қысқаша әңгімелесті. Сапардың негізгі іс-шаралары 6 желтоқсанда өтеді. Жоғары деңгейдегі келіссөздер барысында саяси диалогты нығайту, сауда-экономикалық және көлік-логистикалық ынтымақтастықты дамыту, мәдени-гуманитарлық алмасуларды кеңейту мәселелері талқыланады», — деп хабарлады Өзбекстан Президентінің баспасөз қызметі.

Мемлекет басшылары өңірлік және халықаралық саясат мәселелері бойынша пікір алмасады.

«Келіссөздер қорытындысы бойынша 20-дан астам құжатқа қол қою көзделген», — делінген хабарламада.

Бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаевтың баспасөз хатшысы Берік Уәли Шавкат Мирзиёев Қазақстанға сапармен келетінін хабардар еткен болатын. Берік Уәлидің айтуынша, екі елдің басшылары шағын және кеңейтілген құрамда келіссөздер жүргізеді.

Добавить комментарий