Өзбекстан аязға байланысты халықаралық автобус қатынасын уақытша тоқтатты

Өзбекстан билігі қатты аязға байланысты халықаралық автобус қатынасын уақытша тоқтату туралы шешім қабылдады.

Бұл туралы Өзбекстан Республикасының Көлік министрлігі хабарлады.

«Бұл күндері көршілес Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясында қатты аяз салдарынан жолдарда көктайғақ пайда болады, ал автокөлік құралдарының техникалық ақаулардың салдарынан жолаушылардың қиын жағдайға тап болып отырғаны жиі байқалады.

Атап айтқанда, 12 қаңтарда Қазақстандағы «Самара-Шымкент» автожолының 819-шақырымында Өзбекстанның 31 азаматы отырған «Краснодар-Сарыағаш» халықаралық бағыты бойынша жүретін автобус тұрып қалды.

Автобустың жолда тұрып қалуына қатты аязға байланысты дизель отынының қатып қалуы себеп болды. Қазақстан Республикасы Ақтөбе облысы Хромтау ауданының құтқарушылары жолаушыларды Хромтау қаласындағы «Шерхан» кемпингіне орналастырды. Зардап шеккендер жоқ, азаматтар жылумен қамтамасыз етілген.

Қолайсыз ауа райына байланысты, жолаушылар тасымалының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында 13 қаңтардан бастап Өзбекстан Республикасынан тұрақты халықаралық автобус қатынасы уақытша тоқтады», — делінген министрліктің хабарламасында.

Добавить комментарий