Заңсыз зертхана: Түркістан облысында марихуана сақталған жертөледен есірткі зертханасы табылды

Түркістан облысы Кентау қаласында марихуана өсіруге арналған жерасты есірткі зертханасы табылды. Бұл туралы Түркістан облыстық полиция департаменті Instagram-дағы парақшасында хабарлады.

Кентау қаласының тұрғыны жатын бөлмесінің астында жертөле істеп, арнайы жабдықталған зертхана ашқан. Жедел уәкілдер тінту барысында оқиға орнынан 24 түп шелекке отырғызылған сора өсімдігі мен 20 сіріңке қорабына салынған есірткі өсімдігі, сондай-ақ бір қағаз орамасын тауып, айғақты зат ретінде тәркілеп алды. Сараптама қорытындысы бойынша шелекке егілген өсімдік жалпы салмағы 2 келіден астам сора, ал сіріңке қорабы мен орамадағы есірткі 300 грамнан асатын кептірілген марихуана болып шықты.

Есірткі өсімдіктерін заңсыз өсірген күдікті қамауға алынды, қазір сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Тәртіп сақшылары аталған жайтты ҚР ҚК-нің 300-бап 2-бөлігі «Құрамында есірткі заттар бар, өсіруге тыйым салынған өсімдіктерді заңсыз егіп өсіру» бойынша тіркеуге алды.

 

Добавить комментарий