Қызылорда облысындағы банктен ірі сомада қаражат жымқырылды: Қызметкер ақшаны халаттың жеңіне орап шығарған

Қызылорда облысында банк қызметкері 600 миллион теңгеден астам қаражатты ұрлап кеткен. Аталған қылмысты Қаржы мониторингі агенттігінің аумақтық департаменті тергеді.

Қызметкер құмар ойындарға әуес болған — ол букмекерлік кеңселерде үнемі қомақты қаржысынан қағылып отырған.

Банк қоймасындағы қаражатты тексеру барысында 602 900 000 теңге жетіспейтіндігі анықталған. Тергеу барысында Контроллер-кассир шамамен 1 000 000 теңгеден 4 000 000 теңгеге дейін ақшаны бөлшектеп, кассадан ұрлағаны анықталды. Ол кассадан халаттың жеңіне оралған ақшаларды шығару арқылы ұрлап отырған.

Қаржы мониторингі агенттігі хабарлағандай, банктің 2021-2023 жылдар аралығындағы бейнебақылау камераларының жазбалары тәркіленді, онда қызметкердің ақшаны ұрлау фактілері тіркелген.

Күдікті жасаған қылмыстық құқық бұзушылығын толық мойындады, қазір ол тергеу изоляторында отыр. Бұл оқиға әріптестері мен банк клиенттері үшін шок болды және қомақты сомада қаражатты жымқыру бойынша қозғалған тергеу амалдары барлық мән-жағдайды анықтайды.

Добавить комментарий