Қызылорда облысында балық неден қырылып жатыр: Балық шаруашылығы инспекциясы алдын ала қорытынды жасады

Қызылорда облысында шабақ балықтың жаппай қырылуына не себеп болғанын анықтау үшін зерттеу жұмыстары жүргізілгеннен кейін су қоймаларына оттегі беру үшін мұзда ойық жасап жатыр.

Болжам бойынша, бұл табиғатқа немқұрайлы қараудың салдары. Мамандар шабақтар су қоймасындағы оттегінің жетіспеушілігінен қырылуы мүмкін деп есептейді.

Бұл туралы Арал-Сырдария облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы бастығының міндетін атқарушы Жанқожа Сапаров айтты.

18 ақпанда жергілікті тұрғындар Қызылорда облысы Арал ауданындағы Қарашалан көліне құятын Сағынбай каналында шабақтардың жаппай қырылып жатқанын хабарлады.

«Құзыретті органдар зерттеу жұмыстарын жүргізді. Зерттеу жүргізілген күні судағы оттегінің мөлшері үш мг/дм3, температурасы 2,5 градус, орташа тереңдігі 2,5 м болды, Мамандардың алдын ала қорытындысында оттегінің жетіспеушілігі балықтардың тіршілік жағдайына кері әсер етіп жатқаны айтылған», — деді Жанқожа Сапаров ӨКҚ-де өткен брифингте.

Сондай-ақ, округтің ветеринарлық пункті сараптама жүргізу үшін балық пен судың сынамасын алды.

«Сараптама нәтижелері бойынша қосымша ақпарат жарияланатын болады», — деді Жанқожа Сапаров.

Оның айтуынша, қазіргі таңда балықтардың тіршілік жағдайын сақтау үшін жергілікті атқарушы органдар мұзда ойық жасап жатыр.

Добавить комментарий