Қызылорда облысында ақша бопсалағандар ұсталды

Қызылорда облысында ақша бопсалаумен айналысқан бір топ адам ұсталды. Хабарланғандай, 2021 жылдың жаз айларынан бастап Қызылорда облысы Шиелі кентінде орналасқан ойын-сауық орнының меңгерушісінен бір топ жас жігіт ақша сұрап, бопсалаған.

Аталған дерек бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 194-бабының 2-бөлігінің 2-тармағымен (Қорқытып алу) сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілді.

Тергеп-тексеру барысында бұл тұлғалардың жәбірленушіден бірнеше мәрте ақша алғандығы белгілі болды. Қызылорда облысы Полиция департаментінің жедел-тергеу тобымен жүргізілген жедел-іздестіру шаралары нәтижесінде 29 қазан күні сағат 17:00 шамасында Шиелі кентінің 29 жастағы тұрғыны құрықталды.

Айғақ зат ретінде жәбірленушіден алынған ақша тәркіленді. Сонымен қатар, аудан орталығынан Шиелі ауданының күдікті үш тұрғыны ұсталды. Төрт күдікті азамат Қызылорда қалалық Полиция басқармасының уақытша ұстау абақтысына қамаққа алынды. Қазіргі таңда қылмыстық іс шеңберінде басқа да тұлғалар мен мән-жайлар анықталып, тергеп-тексеру жұмыстары жалғасуда.

Добавить комментарий