Қырғызстандық банк РФ-ның «МИР» карталарымен жұмыс істеуден бас тартты

Қырғызстанда акционерлері халықаралық ұйымдар болып табылатын банк санкцияға ұшыраған ресейлік банктердің бірі «Мир» карталарымен жұмыс істеуден бас тартты.

Бұл туралы Forbes Russia банктің мәлімдемесіне сілтеме жасап жазады.

Қаржы мекемесінің хабарлауынша, қызмет көрсету «серіктестік процессингтік орталықтың шешіміне байланысты» тоқтатылды.

Осылайша, «Компаньон» қызмет көрсету тоқтатылған ресейлік 21 банктің тізімін жариялады.

Тізімге бұрын санкцияға ұшыраған банктер — атап айтқанда Сбербанк, ВТБ, Промсвязбанк, Альфа-банк, «ФК Открытие» бар. Тізімде 2016 жылы жұмысын тоқтатып, ВТБ-ге қосылған Мәскеу Банкі жеке көрсетілген.

Forbes Russia атап өткендей, «Компаньон» банкінің акционерлері халықаралық үкіметтік емес ұйым MercyCorps (Қайырымдылық корпусы), Нидерланд даму банкі (FMO) және Triodos Investment Management (Triodos даму банкінің «еншілесі») болып табылады.

Бұған дейін АҚШ Қаржы министрлігі ресейлік төлем жүйесін пайдаланғаны үшін санкция саламыз деп қорқытқан болатын.

Қырғызстан Ұлттық банкі республиканың банктері түрлі төлем жүйелерін рпйдалану туралы өз бетінше шешім қабылдайтынын мәлімдеді.

Добавить комментарий