Қылмыссыз өмір: Қазақстандағы ерекше ауыл

Қызылорда облысы Шиелі ауданындағы Жиделіарық ауылында 2019 жылдан бері бірде-бір қылмыс тіркелмеген. Бұл туралы ҚР ІІМ баспасөз қызметі хабарлады.

Бұған азаматтардың тату-тәтті қатынаста болуы және учаскелік полиция инспекторының қолға алған профилактикалық шаралары негіз болды. Атап өту керек, аталмыш ауылда екі дүкен бар, алайда, ешқайсысында алкоголь сатылмайды.

Ауылда 518 отбасы тұрады, яғни, мыңнан аса адам. Мұндағы отбасылардың барлығы дерлік мал ұстайды.

Тоқтарбай Дулатов – осы аймақтың тумасы. Учаскелік инспектор болғандықтан, ол бірінші кезекте ауыл тұрғындарымен және ақсақалдармен, кент әкімшілігімен, жергілікті мектеп оқушыларымен және олардың ата-аналарымен өзара байланыс орнатқан. Учаскелік инспектор ауыл әкімшілігімен бірге мал жаюды ұйымдастырды.

Енді жануарлар үнемі бақылауда. Сонымен қатар, Тоқтар көмекшілерімен бірге атпен немесе көлікпен кентті және оның айналасын үнемі патрульдейді.

«Тоқтар осы ауылға келгелі қылмыс азайып, ауылымызда қазір мал ұрлығы жоқ деп айтуға болады. Учаскелік инспектор мектеп қызметкерлерімен тығыз байланыста. Оқушылармен, ата-аналармен рейдтер ұйымдастырып тұрады», — деді ауыл әкімі Ерлан Әбілдашев.

Жиделіарықта “Сақшы-Сарбаз” қоғамдық бірлестігі жұмыс істейді. Күн сайын екі ауыл тұрғыны учаскелік инспекторға тәртіпті қадағалауға көмектеседі.

Жалпы, Қызылорда облысы бойынша мал ұрлығы фактілері 20%-ға азайған. Бұған құқық қорғау органдарының арнайы әзірлеген алдын-алу шаралары және осы қылмыс үшін жазаны күшейту ықпал етті. Енді мал ұрлығы үшін барлық мүліктен айырылып, істің мән-жайына байланысты 5 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

Добавить комментарий