Владимир Путин Нұрсұлтан Назарбаевты туған күнімен құттықтады

Ресей Президенті Владимир Путин Қазақстанның Тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың туған күніне орай құттықтау жеделхатын жолдады.

Ресей көшбасшысы Назарбаевтың екіжақты қарым-қатынасты нығайтуға қосқан үлесін атап өтті.

Назарбаевтың баспасөз қызметінің мәліметінше, Ресей көшбасшысы өз жеделхатында Қазақстанның әлеуметтік, экономикалық және қоғамдық-саяси дамуда қол жеткізген толағай табыстары Тұңғыш Президент есімімен тығыз байланысты екенін атап өтті.

«Елдеріміз арасында одақтастық қатынастар мен стратегиялық ынтымақтастық орнатуға және нығайтуға қосқан Сіздің үлесіңіз зор. Осы қарым-қатынас, сондай-ақ Еуразия экономикалық одағы, Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы, Тәуелсіз мемлекеттер достастығы және Шанхай ынтымақтастығы ұйымы аясындағы сындарлы іс-әрекет алдағы уақытта да Ресей мен Қазақстанның бауырлас халықтарының мүддесіне және Еуразия кеңістігіндегі қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қызмет ете беретініне сенімім мол», — деп Путиннің жеделхатын, Назарбаевтың баспасөз-қызметі келтіреді.

Қазақстанның Тұңғыш президентінің атына Астана күні мен оның туған күніне орай Қытай, Өзбекстан, Тәжікстан, Украина және Оңтүстік Корея көшбасшылары құттықтау жеделхаттары мен хаттар жолдады.

Добавить комментарий