Венесуэланың Арагуа штатында сел жүрді. Құтқару бригадалары 43 адамның денесін тапты.
«Қаза тапқандардың саны 43 адамға жетті, жұмыс жалғасып жатыр», — деп хабарлады елдің вице-президенті Делси Родригес VTV телеарнасының эфирінде.
Бұған дейін ел билігі 39 адамның қаза тапқанын хабарлаған болатын. Жексенбі күні Арагуаның Лас-Техериас ауданына су тасқыны үйлердің бір бөлігін қиратты. Өзендер арнасынан асып кетті.
Апат аймағына мыңнан астам құтқарушылар мен сарбаздар, азық-түлік тиелген автокөлік колонналары жіберілді. Венесуэла президенті Николас Мадуро су тасқынынан зардап шеккен азаматтар мен бизнесінен айырылған кәсіпкерлерге ақшалай көмек көрсетуді бұйырды.
Айта кетейік, Венесуэланың солтүстігіндегі нөсер жаңбырға Кариб теңізі арқылы өткен «Джулия» дауылы себеп болған.