Соңғы мәлімет бойынша, лаңкестік шабуылдан екі адам қаза тауып, шабуыл жасағандардың бірін полицейлер атып өлтірген.
Венадағы теракт салдарынан қаза тапқандар мен зардап шеккендер арасында қазақстандықтар жоқ, деп хабарлады Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі.
«2 қараша күні кешке Аустрия астанасында белгісіз біреулер оқ атқан. Жергілікті билік өкілдерінің мәліметінше, қаза болғандар мен жараланғандар бар. Аустрия полициясы терроризмге қарсы ауқымды операция жасауда. Аустриядағы Қазақстан Елшілігінің алдын ала ақпараты бойынша, қаза тапқан және зардап шеккен азаматтардың арасында ҚР азаматтары жоқ», — делінген ҚР СІМ хабарламасында.
Австрияның Kurier басылымының хабарлауынша, лаңкестік шабуылдан үш адам қаза тапқан. Сонымен қатар, құқық қорғау органдары шабуылдаушылардың бірін атып өлтірді. Бұған дейін полиция бір шабуылдаушыны қоса алғанда, екі адам қаза тапқанын хабарлаған болатын. Он бес адам госпитальдарға жеткізілді, ауыр зардап шеккен жеті адамға көмек көрсетілді, деп хабарлады қала бургомистрі Михаэль Людвиг ORF эфирінде.
Аустрия ІІМ лаңкестерді іздеу аймағын кеңейткенін хабарлады, себебі олар Венадан кетіп қалғанын жоққа шығармайды.
Интернеттегі террористердің қызметін қадағалайтын SITE Intelligence Group порталы жихадшылардың Венадағы террористік шабуылдарға қатысы бар екенін мәлімдеді.
Шабуылшылар синагогаға жақын маңдағы қаланың алты түрлі нүктесінде оқ атып шабуыл жасаған. Елдің ішкі істер министрі Карл Нехаммер оқиғаны лаңкестік шабуыл деп атады.