Фтизиопульмонолог дәрігер аллергиялық аурулар өршіген кезде вакцина салдыруға болмайтынын айтты
Аллергиялық аурулардың өршуі вакцина салдырмауға немесе оны кейінге қалдыруға негіз бола ма? Бұл жөнінде ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Ұлттық фтизиопульмонология ғылыми орталығы директорының клиникалық және ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары Лаззат Ералиева түсіндіріп өтті.
«Аллергиялық аурулар өршіген кезде, немесе анамнезде қандай да бір препаратқа: мысалы, тауық эмбрионына немесе бұған дейін егілген вакцинаға реакция болса, вакцина салдыруға болмайды. Барлық басқа аллергиялық реакциялар, соның ішінде көктемде болатын поллиноздар вакцинацияға қарсы көрсетілім болып саналмайды», — деп түсіндірді Ералиева.
Оның айтуынша, коронавирустық инфекцияға қарсы вакциналардың құрамында антибиотиктер де, аллергия тудыруы ықтимал препараттар да жоқ.
Егер адамда аллергия болса немесе ол аллергия туындайтынын білсе, онда, әрине, оған әзірге вакцина салдыру қажет емес. Егер оның екпе салдырғысы келсе, онда гистаминге қарсы препараттарды қабылдай алады. Біз тіпті вакцина салдырғысы келетін аллергиясы бар балаларға да айтамыз, яғни олар вакцинацияға дейін екі күн бұрын және екпеден кейін екі күн бойы гистаминге қарсы препараттар қабылдай алады, — деп түйіндеді ведомство өкілі.