Вакцина салдырғаннан кейін қайтыс болды: эпидемиологтар жалған ақпаратты әшкереледі

Маңғыстау облысында, Мұнайлы ауданының Батыр ауылында коронавирусқа қарсы екпе салдырғаннан кейін ер адам қайтыс болды. Мұндай ақпарат әлеуметтік желілерде пайда болды.

ҚР ДСМ Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитеті бұл ақпаратты жоққа шығарды.

Ведомстводан хабарлағандай, ер адам коронавирустық инфекцияға қарсы вакцина салдырмаған, оның үстіне Маңғыстау облысына коронавирусқа қарсы вакциналар жеткізілмеген.

«Ағымдағы жылдың 19 қаңтарында қан қысымының көтерілуіне байланысты 1978 жылы туылған ер адам қайтыс болды. Ол ешқандай екпе алған жоқ. Бүгінде Маңғыстау облысына коронавирустық инфекцияға қарсы вакцина жеткізілген жоқ. Өңірге вакцинаның алғашқы партиясын жеткізу 2021 жылдың 28-29 қаңтарына жоспарланған. Бірінші кезекте вакцина жұқпалы аурулар ауруханаларының, жедел жәрдем қызметінің, жансақтау бөлімінің, МСАК, қабылдау бөлмелерінің медицина қызметкерлері, қызметінің қызметкерлеріне егіледі. Қайтыс болған азамат осы санаттардың ешқайсысына жатпайды», — деп түсіндірді Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитеті.

Ведомствода сондай-ақ көрінеу жалған ақпарат таратқандарға қылмыстық жауапкершілікке тарылатынын еске салды. ҚР Қылмыстық кодексінің 274-бабына сәйкес, бұл үшін 1000 АЕК-ке дейінгі мөлшерде айыппұл салынады немесе 1 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалады.

Добавить комментарий