Украинаның қауіпсіздік қызметі тергеуге Ресей қорғаныс министрін шақырды. Оған қылмыстық жазаланатын әрекеттер жасады деген күдікке ілінгенін хабарлады.
БАҚ мәліметінше, Украинаның Қауіпсіздік қызметі ресейлік бизнесмен Константин Малофеевке де осындай шақырту қағазын дайындады
Украинаның қауіпсіздік қызметі (УҚҚ) Ресей қорғаныс министрі Сергей Шойгуге айып тағып, оны тергеу амалдарын жүргізу үшін шақырды. Бұл туралы украиналық «Главком» басылымы шақыру қағазының көшірмесін жариялап хабарлады.
УҚҚ «Ресей қорғаныс министрі Сергей Шойгуды ҚК-ның 27-бабы 3-бөлігі, ҚК-ның 260-бабы 5-бөлігі («Адамдардың өліміне алып келген заңсыз құрылған ұйымдарды құру») бойынша күдікке ілінгенін жазбаша түрде тапсыру үшін шақырды”.
Бұл ретте, шақыру қағазының көшірмесінен белгілі болғандай, оған Донецк және Луганск облыстары бойынша УҚҚ бас басқармасының аға тергеушісі Тарас Бутенко қол қойды. «Главком» мәліметінше, Шойгу 20 шілдеде Мариуполь қаласына келуі керек. Оны күдікті деп жариялаудан бөлек, басылым атап өткендей, украиналық құқық қорғау қызметкерлері Шойгуға қатысты тергеу амалдарын жүргізбек.
УҚҚ ресейлік бизнесмен Константин Малофеевке де осындай шақырту қағазын дайындады, деп хабарлайды басылым. Украинаның арнайы қызметінің ресми ақпарат көздерінде мұндай ақпарат жарияланбаған.
2014 жылы Украинаның Ішкі істер министрлігі Шойгу мен Малофеевті жауап алуға шақырды, ал 2016 жылы Киев Шойгуға іздеу жариялады. Шойгу мен Малофеев жеке тұлғалардың украиндық санкциялық тізіміне қосылды.