УҚК бас қолбасшысының бас кеңесшісі генерал Виктор Назаров Украина аумағындағы соғыс қимылдары кемінде бір жылға жалғасатынын хабарлады. Оның пікірінше, Украина ұрыс алаңында РФ-ны жеңуі тиіс. Бұл туралы ол Der Spiegel басылымына берген сұхбатында айтты.
«2022 жылдың ақпан айында соғыс кем дегенде бір жылға,тіпті одан да көп уақытқа жалғасуы мүмкін деп болжаған едім. Қазір менің бағалауымша, соғыс кем дегенде бір жылға созылады», — деді Назаров.
Украиндық генерал Украина РФ-ны толықтай жеңе алмайтынын, алайда УҚК ұрыс алаңында жеңіске жетуге қауқары барын атап өтті.
«Біз Ресейдің қуаты мен оның ядролық қаруын ескере отырып, шартсыз капитуляциямен толықтай жеңу мүмкін емес екенін білеміз. Бірақ ұрыс алаңында жеңе аламыз. Мәселе Азов теңізі мен Қырым түбегіндегі аумақтарды қайтарып алу болып отыр», — деп есептейді әскери қолбасшы.
Назаровтың айтуынша, Украина аумағын ауқымды қарымта шабуыл нәтижесінде ғана қайтаруға болады. Алайда оның мерзімін батыстық серіктестерден уәде етілген қару-жарақ келгенде ғана айтса болады.
«Бізге уәде етілген танктер Украинаға келгенде; экипаждар оқытудан және кадрлар даярлықтан өткенде; оқ-дәрі жеткілікті мөлшерде алынғанда», — деп жауап берді Назаров.