Жоғарғы Рада депутаттары ел президентінің импичменті үшін қол жинау басталғанын жариялады.
Бұл туралы сейсенбі күні «Оппозициялық тұғырнама — Өмір үшін» партиясының депутаты Илья Кива хабарлады.
«Президент Зеленскийдің импичменті үшін халық депутаттарының қолдарын жинау басталды», — деп жазды ол өзінің Telegram-арнасында. Кива қол жинауды «тарихи сәт» деп сипаттады.
Сондай-ақ, парламентарий жариялаған фотосуретте тоғыз адамның қол қойғаны көрінеді.
Украинаның “Оппозициялық тұғырнама — өмір үшін” партиясы (ОТӨҮ) 4 ақпанда ел президенті Владимир Зеленскийге импичмент рәсімі басталғанын жариялап, съезде тиісті қарар қабылдады. Осылайша, саяси күш мемлекет басшысының ОТӨҮ партиясының депутаты Тарас Козакқа және оған тиесілі “112 Украина”, “Ньюсуан” және “Зик” телеарналарына қарсы санкциялар енгізу әрекетін айыптады. Президент осылайша “конституцияға қарсы және заңға қайшы әрекеттерді” жасады деп есептейді.
Бұған жауап ретінде мемлекет басшысының баспасөз хатшысы Юлия Мендель оппозицияны Украинадағы дағдарысты тудыруға тырысты деп айыптады.
Украинадағы импичмент рәсімі
Украина президентін қызметінен шеттету (импичмент) туралы заң 2019 жылғы қыркүйекте күшіне енді. Ол мемлекет басшысын мемлекеттік опасыздық немесе өзге де қылмыс жасаған жағдайда қызметінен босату мүмкіндігін қарастырады. Импичмент рәсімін бастау үшін депутаттарға кем дегенде 226 дауыс жинауы керек.
Содан кейін импичмент басталға күннен бастап 30 күн ішінде уақытша тергеу комиссиясы құрылуы тиіс, ол мемлекеттік опасыздық пен басқа да бұзушылықтардың дәлелдерін дайындайды. Осыдан кейін комиссияның қорытындысын Украинаның Конституциялық және Жоғарғы соты қарауы тиіс.Украина президентін импичмент тәртібімен билік басынан кетіру туралы нақты шешім, Раданың конституциялық құрамының кемінде төрттен үш депутаты дауыс берген жағдайда қабылданады деп есептеледі.