Украинаның Харьков облысында оқу-жаттығу ұшуы кезінде Ан-26 ұшағы құлағаны белгілі. Ұшақ апаты 25 қыркүйек күні сағат 20.45 шамасында (Нұр-Сұлтан уақыты бойынша 23.45) Чугуев қаласының маңында болды. Қаза болғандар мен зардап шеккендер бар. Ан-26 бортында барлығы 28 адам болған. Украинада — аза тұту күні.
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Украина Президенті Владимир Зеленскийге көңіл айту жеделхатын жолдады. Мемлекет басшысы Украинаның Харьков облысында ұшақтың апатқа ұшырауы салдарынан әскери қызметшілердің қаза болғаны туралы хабарды зор күйзеліспен қабылдады.
«Орны толмас қайғыға ортақтаса отырып, Қазақстан халқының және жеке өзімнің атынан қаза тапқан курсанттардың туыстары мен жақындарына шын жүректен көңіл айтамын. Зардап шеккендердің тезірек сауығып, олардың өз отбасыларына қауышуын тілеймін», — делінген жеделхатта.
Сондай-ақ, Украина президенті Владимир Зеленский сенбі күні Харьков облысындағы Ан-26 әскери ұшағы апатқа ұшыраған жерге келіп, 26 қыркүйекті ұшақ апатынан қаза тапқандар үшін Украинада аза тұту күні деп жариялады.
«2020 жылғы 25 қыркүйекте Харьков облысы Чугуев маңындағы жоспарлы оқу ұшақтары кезінде Ан-26 әскери ұшағының апаты салдарынан болған қайғылы оқиғаға байланысты Украина Қарулы Күштері Әуе күштері әскери қызметшілерінің қаза болуына әкеп соқтырған, қаза болғандарды еске алу мақсатында қаулы етемін: Украинада 2020 жылғы 26 қыркүйекте аза тұту күні деп жариялансын», — делінген президенттің сенбі күні оның кеңсесінің баспасөз қызметі жариялаған жарлығында.
Президент «мемлекет зардап шеккен курсантты емдеп, жақындарынан айырылғандарға өтемақы беруі тиіс» екенін атап өтті. Сондай-ақ, Зеленский «әуе апатының себептерін жедел анықтауға және объективті және әділ тексеру жүргізуге» шақырды.
Сенбі күні президент бұған дейін жариялағандай, Чугуев маңындағы Ан-26 апаты болған жерге келіп, 30 минуттық кеңес өткізді. Осыдан кейін ол қайғылы оқиға болған жерден кетіп, журналистердің қайғылы оқиғаның көптеген нұсқалары болуы мүмкін деген сауалдарына жауап берді.
«Қазір бізде қайғылы оқиға орын алды, біздің жігіттер қаза тапты», — деді ол.
Сонымен қатар, Зеленский зардап шеккендердің отбасыларына мемлекеттік көмек бөлінетінін айтты.
«Менде сағат 12:00-де премьер-министрмен зардап шеккендердің отбасыларына көмек көрсетуге қатысты әңгіме болады», — деді ол.
Украина Қылмыстық кодексінің «Ұшу ережелерін бұзу және оларға дайындық» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды.