Украина билігі 2022 жылғы 13 ақпанда Ресеймен және ЕҚЫҰ-ның Вена құжатына қол қойған барлық қатысушысымен кездесу сұрады.
Кездесу Ресей әскерлерінің шекаралас аудандардағы жылжыуын талқылау үшін 48 сағат ішінде өтуі керек, себебі Мәскеу бұған дейін Киевтің сұранысына жауап бермеді.
«Украина РФ әскерлерінің шекара бойында және уақытша басып алынған Қырымда күшеюі мен қозғалысын талқылау үшін келесі 48 сағат ішінде РФ-мен және барлық қатысушы елдермен кездесу шақырады.
Егер Ресей ЕҚЫҰ кеңістігіндегі қауіпсіздіктің бөлінбейтіндігі туралы сөзін байыппен қабылдаса, шиеленісті азайту және барлық қатысушы мемлекеттердің қауіпсіздігін нығайту үшін әскери ашықтық бойынша міндеттемелерін орындауы керек», — деп жазды Украина сыртқы істер министрі Дмитрий Кулеба «Твиттердегі» парақшасында.
Жұма күні Кулеба Ресей әскери маневрлер өткізетін аудандары, құрамалар саны, сондай-ақ қару-жарақ пен әскери техниканың түрлері туралы ақпарат беруі керек екенін хабарлаған.
Вена құжаты 2011 жылы қабылданды және ЕҚЫҰ-ға мүше елдер арасында әскери сипаттағы ақпарат алмасуды, сондай-ақ қақтығыстар қаупін азайтуды көздейді.
Өткен сенбі күні АҚШ президенті Джо Байден мен Ресей президенті Владимир Путин кезекті рет әңгімелесті. Байден Путинге Ресей Украинаға басып кіретін болса салдары ауыр болатынын тағы да ескертті.
Жексенбі күні Байден Украина президенті Владимир Зеленскиймен сөйлесті. Украина президентінің кеңсесі хабарлағандай, Зеленский келіссөздер кезінде Байденге қолдау көрсеткені үшін алғысын білдіріп, оны жақын арада Украинаға сапармен келуге шақырды.