Украина РФ-мен келіссөз жүргізуден бас тартатынын мәлімдеді

Украина президенті Владимир Зеленский Ресей Луганск, Донецк, Херсон және Запорожье облыстарында жүргізілген референдумдардың нәтижесін мойындаса, Киев Мәскеумен келіссөз жүргізуден бас тартатынын мәлімдеді.

«Ресейдің бұл псевдореферендумдарды қалыпты деп тануы, «қырым сценарийін» жүзеге асыруы, Украина аумағын аннексиялаудың тағы бір әрекеті Ресей президенті Владимир Путинмен сөйлесуге еш негіз жоғын білдіреді», — деп мәлімдеді Зеленский БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің отырысында.
Ол сондай-ақ «әлемдегі барлық елді» Ресейге қысым көрсетуге шақырды.
«Мен сіздердің әрекет ету қабілеттеріңізге сенемін», — деді Украина басшысы отырысқа қатысушыларға қарата сөйлеген сөзінде.
23 қыркүйекте Ресей Федерациясының құрамына қосылу жөнінде референдум бір уақытта төрт өңірде — ДХР, ЛХР, Херсон және Запорожье облыстарында басталды. Дауыс беру аяқталды.

Запорожье облысында дауыс берушілердің 93,11%-ы аймақтың Ресей Федерациясының құрамына қосылуын қолдады, Херсон облысында — 87,05%-ы, Луганск Халық Республикасы тұрғындарының 98,42%-ы Ресейге қосылуын қолдады. Донецк Халық Республикасында дауыс берушілердің 99,23%-ы РФ құрамына қосылуын жақтады.

Добавить комментарий