Франция мен Украина президенттері Эмманюэль Макрон мен Владимир Зеленский Ресейге қарсы санкциялар салуды, қысымды күшейтуді және бұған дейін енгізілген шектеу шаралардың орындалуын қатаң бақылауды жақтайтындарын мәлімдеді.
Бұл туралы олардың жексенбі күні Парижде өткен кездесудің қорытындысы бойынша Елисей сарайы жариялаған бірлескен мәлімдемесінде айтылған.
«Украина мен Франция мемлекет басшылары Ресейге жаңа санкциялар арқылы ұжымдық қысымды күшейту қажеттігін айтып отыр, — делінген хабарламада. — Сонымен қатар, олар санкцияларды тиімді іске асыруды қамтамасыз ету үшін, сондай-ақ үшінші елдер арқылы санкцияларды айналып өтудің алдын алу және жолын кесу үшін күш-жігерді жандандыру қажеттігін айтты».