Украина азаматщасын депортациялау туралы шешімнің күшін жойып, оған айыппұл салды

Нұр-Сұлтан соты Украина аумағында ұрыс қимылдары жүріп жатқанына байланысты украиналық белсенді Златослава Близнюкты депортациялау туралы шешімнің күшін жойып, жазаны айыппұлмен алмастырды.

Бұл туралы «Әділ сөз» халықаралық сөз бостандығын қорғау қоры хабарлады.

«6 мамырда елордалық сот Украина азаматы Златослава Близнюкті қамауға алу және кейіннен депортациялау туралы шешімнің күшін жойды. Апелляциялық сот инстанциясы оған 45 945 теңге айыппұл салу туралы шешім қабылдады. Айта кетерлігі, Златославаны митинг ұйымдастырды деп айыптап, ол үшін оны екі рет соттаған. Бірінші рет сот оны құқық бұзушылық құрамының жоқтығына байланысты кінәсіз деп таныды, екінші рет оны 10 тәулікке қамауға алып, ұрыс қимылдары жүріп жатқан Украинаға депортациялау туралы шешім қабылдады», — делінген хабарламада.

Адвокаттар қызды толық ақтауды талап етті.

«Адвокаттар бірінші инстанциядағы соттың іс жүргізу және материалдық құқықтың өрескел бұзылуына жол бергенін дәлелдей отырып, толық ақтауды талап етті. Еліміздің бірқатар құқық қорғау ұйымдары белсендіні соттау заңсыз екендігі және депортациялау жол берілмейтіні туралы мәлімдеме жасады. Бірақ… Златославаның бостандықта қалғаны және еліміз оны елден шығармайтыны жақсы болды», — делінген хабарламада.

Еске салайық, Близнюк Украинаны қолдау мақсатында митинг өткізілетіні туралы ақпаратты әлеуметтік желідегі жабық аккаунтына жариялаған, митинг өткізуге әкімдік рұқсат бермегенін біле сала оны өз парақшасынан өшірген.

Добавить комментарий