
Украина аумағында жүрген қазақстандықтар референдумда Варшаваға барып өздерінің азаматтық құқықтарын білдіре алады.
Украинадағы қазақстандықтар референдумда Варшаваға барып дауыс бере алады.
ҚР СІМ Украина аумағында сайлау учаскелері ашылмағанын мәлімдеді.
Украинадағы Қазақстан азаматтары 5 маусымда Польша астанасындағы сайлау учаскесінде Қазақстан конституциясына түзетулер енгізу бойынша референдумда дауыс бере алады. Бұл туралы жұма күні журналистерге ҚР СІМ ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі Жалғас Әділбаев мәлім етті.
«Украинадағы қазіргі ахуалдың қандай екенін білесіздер. Барлық азаматтарымыз Қазақстанға дер уақытында жеткізілді. Егер ол жақта қалған азаматтарымыз болса, олар Варшавада дауыс бере алады», — деді ол.
ТАСС тілшісінің сұрағына жауап бере отырып дипломат Украинаның аумағында сайлау учаскелері ашылмағанын атап өтті. «Елшілік қызметкерлері мен олардың отбасы мүшелері де Варшавада дауыс бере алады», — деді Әділбаев.
29 сәуірде президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы Ассамблеясының сессиясында конституцияға өзгерістер енгізу мәселесі бойынша референдум өткізуді ұсынды. Түзетулерге сәйкес мемлекет басшысының өкілеттігі қысқарады, парламент пен жергілікті өкілетті органдардың рөлі айтарлықтай күшейеді, құқық қорғау саласы жүйелі түрде нығаяды, Конституциялық сот қайта құрылады, өлім жазасының күші толық жойылады және елдің бірінші басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың мәртебесі туралы ережелер алынып тасталады