Әуежай маңындағы қауіпті аймақтағы үйлерді бұзу туралы сот шешімі қараусыз қалдырылды

Алматы облысы Талғар аудандық соты Алматы облысының жердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау басқармасының 2019 жылы Bek Air ұшағы апатқа ұшыраған маңдағы салынған үйлерді бұзу туралы талап-арызын қараусыз қалдырды. Бұл туралы сот ұйғарымында айтылған.

Мұндай талап-арызды жердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау басқармасы қойған, жауап беруші — Талғар ауданының әкімдігі, Талғар ауданының жер қатынастары бөлімі, Талғар аудандық жер кадастры және жылжымайтын мүлік бөлімі («Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының филиалы), сондай-ақ жер учаскелерінің иелері.

Басқармадағылар Талғар ауданының әкімдігі әуежай маңында 14 жер телімін заңсыз бергенін айтып отыр.

«Әуежайдан 500 метр қашықтықта ешқандай құрылыс болмауы керек. Заңда олардың әуежай жұмысына кедергі келтіретіні көрсетілген», — деді Алматы облыстық жердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау басқармасының бөлім басшысы Арман Кәріпбаев.

Талапкер дәлелдемелерді жинау бойынша қосымша жұмыс жүргізу қажет екенін алға тартып, талап-арызды қайтару туралы өтініш жолдады және талап қоюды қараусыз қалдырды. Сот өтінімді қанағаттандырды және арызды қараусыз қалдырды.

2019 жылы 27 желтоқсанда Bek Air әуе компаниясының ұшағы апатқа ұшыраған еді. Ұшақ апатынан 12 адам қаза тауып, 69 адам жарақат алды.

Добавить комментарий