Әуе рейсінің 400 жолаушысы карантинге жіберілді

Нұр-Сұлтанда Қазақстанға келген және коронавирустық инфекцияға тестілеудің теріс нәтижесі туралы анықтамасы жоқ 170 адам карантиннен өту үшін стационарға орналастырылды.

Көліктегі бас мемлекеттік санитарлық дәрігер Сәдуақас Байғабұловтың мәліметінше, бүгін, 6 қазанда елордалық әуежайға төрт ұшақ қонды. Рейстерді Turkish Airlines, Air Astana және Flydubai авиакомпаниялары жүзеге асырды, барлығы 478 жолаушы және 28 экипаж мүшесі болды. Олардың ішінде COVID-19 инфекциясына анықтамасы жоқ 170 адам ПТР талдау тапсыру үшін екі тәулікке стационарға жатқызылды.

Оңтүстік астананың әуежайы Түркия, Оңтүстік Корея және Беларусьтен 8 әуе рейсін қабылдады. Көліктегі бас санитарлық дәрігердің айтуынша, Алматыға 797 жолаушы келді, ішінде 230 адамда COVID-19 инфекциясына ПТР анықтама болмаған, ПТР талдауын тапсыру үшін екі тәулікке карантиндік стационарға жіберілді.

«Елге келген шетел азаматтарының COVID-19 инфекциясына анықтамасы болған, ешкімді депортациялаған жоқ», — деп толықтырды Байғабұлов. Бұдан бұрын хабарланғандай, бүгіннен бастап шетелден әуе рейстерімен келетін шетелдіктер ПТР-тесттен өту арқылы коронавирус анықтамасы болмаған жағдайда Қазақстанға жіберілмейді. Естеріңізге сала кетейік, Алматы әкімдігі қаланың Халықаралық әуежайында санитарлық-эпидемиологиялық бақылауды күшейту туралы шешім қабылдады.

Добавить комментарий