Удмуртиядағы мектепте 7 бала оққа ұшты

Удмуртияның Ижевск қаласындағы мектептердің бірінде белгісіз ер адам 13 адамды өлтірді, оның жетеуі оқушылар. Болған оқиғадан кейін ер адам өз-өзіне қол жұмсады.

Ижевскідегі мектепте не болды

26 қыркүйек күні таңертең Ижевскідегі №88 мектепке қара киім киген қарулы ер адам баса-көктеп кірді. Ол күзетшіні атып өлтіріп, сыныпқа кіріп, балаларға оқ жаудырған.

ТЖ сабақ уақытында орын алған. Төрт бала атыс жарақатын алды, тағы біреуі — пышақ жарақатын алды. Мектеп директоры жараланған балалармен кабинетке кіріп тығылып, бой тасалаған.

Оқиға орнына тәртіп сақшылары келіп, қылмыскерді ұстамақ болды. РЕН ТВ хабарлауынша, ол біраз уақыт терезеден атысып, кейін өз-өзіне қол жұмсаған.

Кімдер қайтыс болды: Ижевскідегі атыс

Ресей тергеу комитетінің (РТК) хабарлауынша, мектепке жасалған шабуылдан 13 адам қаза тапты, оның жетеуі — балалар.

20-ға жуық адам жарақат алды, олардың саны туралы ақпарат әлі де жаңартылып жатыр. Жарқат алғандар мен қаза тапқан балалардың көбі кіші сыныпта оқитын балалар, олардың арасында бірінші сынып оқушылары да бар.

«Удмуртияда бүгін қайғылы оқиға орын алды. Балалар арасында құрбан болғандар мен жарақат алғандар бар, мектеп қоршауға алынды, оқиға орнында Росгвардия, ФҚҚ, тергеу органдары жұмыс істеп жатыр», — деді Удмуртия басшысы Александр Бречалов журналистерге.

Республикада барлық күштер мен құралдар жұмылдырылды: оқиға орнында барлық арнайы қызметтер мен жедел жәрдем жұмыс істеп жатыр. Ғимараттан барлық балалар мен мұғалімдер шұғыл эвакуацияланды.

Добавить комментарий